Петропавлда биыл отбасы шырқын бұзған 300-ге жуық адам қамауға алынды
Петропавл қаласында биыл отбасының берекесін кетіріп, шырқын бұзған 300-ге жуық адам қамауға алынды, деп хабарлайды тілшіміз.
Шаhарда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 1141 құқық бұзушылық тіркелді. 12 қылмыс жасалған, оның екеуі кісі өлтіру фактісі, ал бесеуі — денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге қатысты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» мәселесі бойынша Петропавлдық полицейлер есеп берді. Бірінші полиция бөлімі бастығының орынбасары Әбілқайыр Қазжанның мәліметінше, облыс орталығында профилактикалық есепте түрлі санат бойынша 2362 адам тұр.
Жыл басынан отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 1141 құқық бұзушылық тіркелді. 874 адам жауапқа тартылған, соның ішінде 85-і ескерту түріндегі жаза алса, 294-і әкімшілік қамауға алынды. 491 материал тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.
«Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған 89 адам жауапқа тартылды. Оның 22-сі ескертілді, 8-і әкімшілік қамауға алынды; 59 тарап татуласты.Ұрып-соғу үшін 3 адам жазаланса, соның біреуі қамалды. Құқық бұзушыларға қатысты 1105 қорғау ұйғарымы, 224 ерекше мінез-құлық талаптары шығарылды», — дейді Әбілқайыр Қазжан.
Қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін 4970 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 367 адам әкімшілік қамауға алынды.
«Маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу үшін Жамбыл ауданы Благовещенка ауылының мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесіне 67 адам жіберілді, ерікті негізде психикалық денсаулық орталығына 34 маскүнем орналастырылды. Жыл басынан отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 12 қылмыс жасалды, соның сегізінде қылмыскерлер мас болған. Соның ішінде кісі өлтіруге қатысты екі факті, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 5 фактісі, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірудің 3 фактісі тіркелді», — дейді полицей.