Қызылшаға қарсы жеткізілген 28 мың доза вакцина аудандарға таратылды

СҚО-да қызылшаға қарсы 28 мың доза вакцина жеткізілді. Олар аудандарға таратылды, деп хабарлайды тілшіміз.
Бұл мақсатқа бюджеттен 30 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Жыл басынан бері өңірде 132 адам қызылша жұқтырған. Олардың дені екпе қойдырмаған. Былтыр аймақта инфекцияға шалдыққандар тіркелмеген еді.
«Облыста қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау барысында 6459 балаға екпе қойылды. Медицина қызметкерлерінің 917-сі вакцина салдырды.
2023 жылдың наурыз айынан бастап қызылшаға қарсы иммундауды толықтыру барысында бұрын вакцинацияланбаған, вакцинация мәртебесі белгісіз және бас тартқан 5239 адамның ішінен 18 жасқа дейінгі балалардың 2355-і немесе 44,4%-ы егілді», – деп хабарлайды облыстық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.
Бүгіндері инфекциялық ауруханада 33 науқас ем қабылдап жатыр. Облыс бойынша 265 вакцина салу орны жұмыс істейді.

