Солтүстікқазақстандық қолөнер шеберлері Қазақстанның рекордтар кітабына енді
Солтүстікқазақстандық қолөнер шеберлері Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Олар республикалық «Аламан құрақ» байқауына қатысып, жалпы ұзындығы 500 метр болатын көрпе тігуге өз үлестерін қосқан. Он саусағынан өнер тамған шеберлер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Енді олар әлемдік рекордты жаңартуды мақсат етіп отыр, деп хабарлайды тілшіміз.
Бұл — қазақ қолөнерінің тарихын кеңінен насихаттап, өңірде ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа насихаттап жүрген жандар. Райхан Сұрағанова зейнетке шықса да, сүйікті ісін тастамаған. Өзі 26 жыл бойы оқушыларды еңбекке баулып, жастарды тігіншіліктің қыр-сырына үйретіп жүр.
«Маған бұл өнер әжемнен, әпкемнен тараған. Кішкентай кезімде әжем тігін машинасымен көрпе тіге бастаған кезде, қатарласып отырады екенмін. Ал жас кезімде математика пәнінің мұғалімі болуды армандадм. Бірақ тігіншілікті таңдадым. Қазір бар білгенімді жастарға үйретумен келемін. Әлі де ізденіс үстіндемін», — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Райхан Сұрағанова. .
Бұл «Аламан құрақ» байқауында тігілген 500 метрлік көрпенің бір бөлігі ғана. Елімізде алғаш рет өткен сайысқа өңірден үш қолөнер шебері қатысқан. Олардың барлығы жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстанның рекордттар кітабына енді.
«4 жасымнан кесте тоқып, артынан тұрмысқа шыққаннан кейін көрпе тігумен айналыса бастадым. Қазір сол іспен әлі айналысып келемін. Астанада өткен байқауға мың жарым құрақшы қатысуға ниет білдірген болатын. Алайда соңында 200 адам ғана жиналды. Біз соңына дейін бардық», — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Бақыт Мұстафина.
Солтүстік Қазақстандық тігіншілер қазір тағы бір байқауға дайындық үстінде. Әзірге оған аймақтан 17 тігінші қатысуға бел буған. Қыз-келіншектердің ендігі мақсаты гиннестің рекордтар кітабына кіру. Осылайша бұл жандар отандық өніммен ұлттық өнерді барынша дамытуға ниетті.