Есірткі жасырған құрбы қыздар ұсталды
СҚО есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткілерді таратты деген күдікпен Петропавл қаласының екі тұрғынын ұстады. Қос құрбы «Toyota RAV 4» автокөлігімен Жұмысшы кентіне бара жатқан.
Қыздардың бірі – 33 жастағы қала тұрғыны. Ол заңсыз жолмен ақша табудың соңы немен аяқталатынын жақсы біледі. Өйткені 2022 жылдың қыркүйек айында оның жұбайы осындай қылмыс жасағаны үшін сотталып, қазір бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр.
Қыздарды және олардың тұрғылықты мекенжайларын тінту кезінде 700 грамнан астам ұнтақ тәрізді және кесектелген зат тәркіленді. Сараптама нәтижесі мұның «тұз» деген атаумен белгілі α-PvP синтетикалық есірткісі екенін көрсетті. Қазіргі уақытта 33 жастағы қала тұрғыны қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр. Келіп түскен ақпаратқа сәйкес күдіктілер бұл іспен 4 айға жақын уақыт айналысқан.