СҚО-дан әскер қатарына 480 солтүстікқазақстандық алынады
Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге өңірімізден әскер қатарына 480 солтүстікқазақстандық шақырту алмақ.
Әскерге алынғандардың алғашқы легі наурыздың 8-і күні Шығыс Қазақстан облысына жөнелтілді. Отан алдындағы борышын өтеуге облыстан 13 солтүстікқазақстандық аттанды.
– Әскерге барудан жалтарып жүрген жастар жетерлік. Олардың саны бүгіндері 600-ге жуықтады. Араларында жұмыс бабымен өзге облыстарда жүр. Десе де науқан барысында біз барлығының қайда жүргенін анықтап, шақырту билеттерін жібереміз, — дейді СҚО қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Марат Каримов.
Марат Каримовтың айтуынша, әскерден жалтарып жүргендерді қылмыстық не әкімшілік жазаға тартуға болады. Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 647-бабына сәйкес, әскери есепте тұрған немесе тұруға міндетті азамат, шақыртуға келмесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл өтеуі шарт. Ал медициналық куәландырудан не тексеруден жалтарғаны үшін үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, негізсіз әскери қызметке шақырудан жалтарса, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады немесе төрт жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар істейді. Бұл бап бойынша бір жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Заңсыз жұмыс істеген мигранттар анықталды