Биыл балаларға арналған түзету мектеп-интернаты тапсырылады
«Береке» шағынауданында арнайы түзету мектеп-интернатының құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Білім беру нысаны биыл тамыз айында пайдалануға берілмекші.
Петропавл қаласының №2 арнайы мектеп-интернаты 111 адамға шақталған. Алайда бүгінгі күні оқу ордасында 191 бала оқып жүр. Осы мәселені шешу мақсатында жаңадан мектеп салу қарастырылды. Жаңа мекеме 300 оқушы қабылдайды және жанында 50 жатын орындық интернат бар. Мұнда 39 оқу кабинеті, кітапхана, тар бейінді маман-дәрігерлерге арналған кабинеттер, спортзал, ойын, душ бөлмелері, кір жуатын орын, автотұрақ және тағы басқалар болады. Мұның бәріне 2,4 млрд. теңге бөлінді.
Жаңа мектепті жергілікті «Зерттеу СК» компаниясы салып жатыр. Қазіргі уақытта нысанның 50 пайызы дайын. Құрылыс барысымен «AMANAT» партиясының СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының мүшелері танысты. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, ғимараттың қасбетін уақытында аяқтау ерекше назарда.
– Бүгіндері нысанның қасбеті салынып жатыр. Алайда кестеден кешігіп жатырмыз. Бұған дейін 4 бригада жұмыс істеген болатын. Қазір іске бесіншісін қостық. Жалпы 30-ға жуық азамат еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ ішкі әрлеу және инженерлік желілер бойынша жұмыс жүргізілуде. Жақында өртке қарсы дабыл жүйесі орнатылады, — деді учаске бастығы Есенгелді Көкішев.
Қала тұрғынынан 100 млн. теңге ұрлаған азаматтар ұсталды