СҚО-да түркістандық құтқарушы қайтыс болды
СҚО-ға су тасқынының алдын алуға келген түркістандық құтқарушы көз жұмды. ТЖД маманының денсаулығы шашарлаған соң ол дереу Тайынша қаласындағы аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Өкінішке қарай, сәуірдің 2-не қараған түні Бекжан Балданов қайтыс болды.

СҚО ТЖД мәліметінше, көз жұмған құтқарушының есімі – Бекжан Балданов. Ол Сайран ауданындағы № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі болып қызмет еткен. Білікті маман сәуірдің 1-і күні Тайынша ауданына Түркістан облысының күштері мен құралдары тобының құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмекке келген.
– Сәуірдің 1-і күні құтқарушының денсаулығы нашарлап, ол дереу ауруханаға жатқызылды. Кейін дәрігерлер науқасты санавиациямен Петропавлға жеткізу туралы шешім қабылдаған. Марқұмның отбасы мен туыс-жақындарына қайғыра көңіл айтамыз, — делінген СҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінде.

