Тасқын судан зардап шеккендерге 53 баспана берілді
Биылғы көктемде облыс бойынша 3 мыңнан астам үй су астында қалды. Салдарынан тұрғындардың дені баспанасыздардың күйін кешті. Биыл Президенттің тапсырмасымен Петропавлдағы Солнечный-2 шағынауданында 700 үйдің құрылысы басталып, 53-нің кілттері су тасқынынан зардап шеккендерге берілді.

Сәуірдің 24-і күні Солнечный-2 шағынауданында су тасқынынан зардап шеккендерге үйлердің құрылысы басталды. Алғашқы баспаналар бүгін құтты қоныс иелеріне тапсырылды. 200 шаңырақты көтеруге «Қазақстан халқына» қоры демеушілік көрсетті.
— Апат айтып келмейді. Біз биыл бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып, Президенттің тапсырмасын орындауға кірістік. Нәтижесінде бірінші 53 үйдің кілттері берілді. Баршаларыңызды құттықтаймын, — деді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ляззат Шыңғысбаева.
Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, құтты қоныс иелеріне баспаналардың кілттерін табыстады. Сондай-ақ жиһаз алуға арнайы сертификаттарды берді.
– Солнечный-2 шағынауданында жоспар бойынша 700 үй салу көзделген болатын. Бүгін алғашқы 53 баспана дайын болып, оларды табыстап жатырмыз. Құтты қоныстарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және демеушілеріміздің көмегі арқасында қысқа уақыт ішінде жайлы баспаналар бой түзеді. Оларға алғысымыз шексіз. Жаңа үйлерде тек береке мен шаттық ұяласын, — деді СҚО әкімі.


Солнечный-2 кентінің ресми атауы Бірлік шағынауданына өзгертілді.
СҚО шаруаларына «Кең дала» бағдарлама аясында 50 млрд. теңге бөлінеді

