300-ге жуық елді мекенде өрт шыққанда су алатын балама көздер қарастырылмаған
Солтүстік Қазақстан облысында өрт қауіпті кезеңге дайындық барысы пысықталды. «AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, өрттің алдын алу және тілсіз жаумен күреске дайындық мәселесін депутаттық фракцияның және партиялық бақылау комиссиясының мүшелері талқылады.
СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар 285 елді мекенде сумен қамтамасыз етудің балама көздерін салу мәселесін тиісті деңгейде шешпеген. Яғни өрт бола қалған жағдайда су алатын ұңғымалар, қолдан жасалған су қоймалары жоқ. Сондай-ақ, су алу үшін арнайы пирстер де салынбаған. Ауылдардың кейбірі қураған шөптен, қамыстан және басқа да тез тұтанатын күл-қоқыстан дұрыс тазартылмаған. Сонымен қатар автомобиль жолдарының бойында минералданған жолақтарды салу бойынша жұмыс баяу жүріп жатыр.
— Елді мекендердің айналасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 177 км минералданған жолақ салыну қажет. Бүгінде соның 1 678 шақырымында ғана арнайы жолақ бар. Орман алқаптарының айналасы да әлі күнге дейін жыртылып болған жоқ. Өрт шыққан жағдайда қауіпті аймақтардан адамдар мен малды эвакуациялау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Алайда бірде-бір аудан уақытша эвакуациялау орындарын белгілеген жоқ, — дейді Аслан Ахметжанов.
Биыл профилактикалық іс-шара барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қазір орман шаруашылықтарында 14 өрт сөндіру станциясы, 25 өрт сөндіру автомашинасы, тіркемелі құралдары бар 87 трактор, 30 цистерна дайын. Өрт бола қалған жағдайда лезде хабарлайтын 810 радиостанция бар. Сонымен қатар, 16 интерактивті бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Мұнымен қоса, орманды бақылау үшін 3 дрон пайдаланылады. 80 тонна көлемінде жанар-жағармай материалдары қоры жасақталды.