СҚО әкімі солтүстікқазақстандықтарды шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды
Бүгін Үкімет отырысынан кейін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов суға түсу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді. Аймақ басшысы солтүстікқазақстандықтарға суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы үндеу жариялады.
Бүгінгі таңда облыста жабдықталмаған жерлерде шомылу кезінде 3 бала суға кетті. Жазда қайғылы оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған жерлерде суға түсу, суға мас күйінде түсу және балаларға қадағалаудың болмауы екені белгілі.
Облыс бойынша жаппай шомылу үшін барлығы 60 орын анықталды. Суға түсу маусымын қауіпсіз өткізу үшін облыс әкімі аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне суға түсу үшін жабдықталмаған қауіпті жерлеріне тыйым салатын және ескерту белгілерін орнатуды тапсырды.
Полиция департаментіне ҚР Ұлттық ұланының бөлімшелерімен бірлесе отырып, 6637 әскери бөлімінің жеке құрамының патрульдік маршруттарын су қоймаларындағы көпшілік демалыс орындарына барынша жақындату тапсырылды.
Сондай-ақ облыс әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдарға тұрғындармен алдын-ала жұмысты күшейтуді және профилактикалық ақпаратты хабардар ету және тарату мақсатында WhatsApp топтарымен тұрақты ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді тапсырды.