СҚО-да сыйбалас жемқорлыққа қатысты қылмыс саны 9 пайызға өсіп, 36 фактіні құрады
СҚО прокуратурасының мәліметінше, сыбайлас жемқорлық фактілерінің 25-сін антикор қызметі, 3-уін Ішкі істер министрлігі, 5-уін Ұлттық қауіпсіздік комитеті және 3-уін экономикалық тергеу қызметі әшкереледі.
– Прокуратурада сыбайлас жемқорлыққа қатысты 54 іс өндірісте болды. Оның 20-сы аяқталып, тағы соншасы сотқа жіберілді. Биыл 37 азамат пара берді және алды деген күдікке ілінді. Оның 14-іне қатысты іс сотта қаралды, – дейді облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Марат Қазиев.
Марат Қазиевтің айтуынша, биыл квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін кәсіпорындардың бірінің басшысы 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін ұсталды. Қалалық соттың шешімімен ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай мысалдар аз емес. Мұны аға прокурор алға тартты.
– Тамыз айында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері елордалық серіктестіктің директорынан 10 мың теңге көлемінде пара алған. Заң бұзушы ЖШС басшысынан әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін ақша алғаны анықталды. Бұл қылмыс үшін мемлекеттік қызметші мен кәсіпкер айыпты ретінде танылып, мемлекетке параның 15-тен 60-қа дейінгі еселенген сомасын қайтару туралы сот шешімі шықты, – дейді Марат Қазиев.