Браконьер 2 жыл бойы заңсыз жауапкершіліктен босатылған
Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы браконьерді жауапкершіліктен босату фактісін анықтады. Өңір тұрғыны сібір елігін атып алып, мемлекетке 1,2 млн теңге шығын келтірген.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, браконьер 2022 жылы қолға түсіп, қылмыстық қудалау органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Оның нәтижесі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамын таппай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған.
Жануарлар әлеміне келтірілген залал 1,2 млн теңгені құрады, алайда қылмыстық қудалау органы залалды өтеу және заң бойынша браконьерді жазалау жөніндегі шараларды 2 жыл ішінде қабылдамаған.
— Прокуратура заңсыз тоқтатылған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қайта бастап, Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының 9-бөлігі негізінде кінәлі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша уәкілетті орган 1,2 млн теңге сомасында жануарлар әлеміне келтірілген залалды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінді, — делінген СҚО прокуратурасы таратқан ақпаратта.
12 шілдеде аудандық сот залалды толық көлемде өтеу туралы талапты қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.