СҚО-да 38 млн. ағаш отырғызылады
Аққайың ауданында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен орман шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңес өтті. Өңір басшысы өртке қарсы техниканы қарап, орман өрттерін сөндіруге арналған жаңа өрт сөндіру көліктерінің кілттерін табыс етті.
Мемлекет басшысы ел бойынша 2 млрд ағаш отырғызу міндетін қойды. Біздің облыста 2026 жылға дейін 100 миллион көшет отырғызу қажет. 3 жылда 28 миллион дана егілді.
– Бұл жұмысты күшейту керек. Биыл 38 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда, -деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желіде.
Ағаш отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету үшін Аққайың ауданында орман питомнигі ұйымдастырылмақ. Одан бөлек, жұмыс істеп тұрған питомниктерді кеңейту көзделген. Бұл жыл сайын 20 миллионға дейін көшет өсіруге және орман отырғызу жоспарын орындауға мүмкіндік береді.