Оқу гранттарының иегерлері ипотекаға қол жеткізе алады
«Отбасы банкінің» мемлекеттік «Наурыз» бағдарламасы аясында студенттерге несие беріледі. Тек негізгі шарт — оқу орнында грант иегері болу.
Ипотека мөлшерлемесі әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жылдық 7 пайызды, ал қалған қатысушылар үшін 9 пайызды құрайды. Несие көлемі Астана мен Алматы қалалары үшін 36 миллион теңгеге дейін, ал еліміздің өзге өңірлері үшін 30 миллион теңгеге дейін беріледі. Тағы бір міндетті шарт – соңғы бес жыл ішінде қарыз алушы мен оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы тиіс. Бұл ретте ата-анасының баспанасы есепке алынбайды.
Сонымен қатар, «Отбасы банкіндегі» депозитте кемінде екі миллион теңге болуы қажет. Жинақтау мерзімі маңызды емес – қажетті соманы өтінім берер алдында да салуға болады. Бағдарламаға сұраныс жоғары болғандықтан, қатысушылар балдық жүйе арқылы іріктеледі. Артықшылық жас отбасыларға, 35 жасқа дейінгі азаматтарға және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға беріледі.

