Үздік уәкіл анықталды
Облыстық полиция департаментінде «Үздік жедел уәкіл» жыл сайынғы байқауының қорытындысы шығарылды. Үздік атану үшін полиция департаментінің құрамындағы жедел бөліністердің 16 қызметкері бақтарын сынады. Үміткерлер дене шынықтыру дайындықтарын, табельдік қаруды қолдана білу шеберліктерін көрсетті, заңнама бойынша тестілеуден өтті. Сондай-ақ қызметтегі қол жеткізген көрсеткіштері де есепке алынды.
Нәтижесінде полиция майоры Миржан Махмет үздік атанды. Миржан тәртіп сақшыларының қатарында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді, Жамбыл ауданында басшылық қызметте болған. 2023 жылдан бастап криминалдық полиция басқармасының «К» тобында аға жедел уәкіл лауазымында. Бұл бөлініс киберқылмыстарды, оның ішінде интернет-алаяқтық қылмыстарын ашумен айналысады.
Миржан жыл басынан бері алпыстан астам киберқылмыстың ашылуына қатысқан. Олардың арасында өзін полиция қызметкері болып таныстырған және адамдардың сеніміне кіріп несие ресімдеген 28 жастағы петропавлдықты ұстау фактісі бар, қылмыстық істе 16 эпизод болған. Миржан енді Ішкі істер министрлігінде өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғайды.