Ұлттық ұлан әскери академиясының курсанттары ант берді
Оқушылар сарайында Ұлттық ұлан академиясының 1 курс курсанттарының әскери ант беру рәсімі өтті. 200 жуық курсант Отанына және халқына адал болуға ант берді. Салтанатты шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов, облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, сондай-ақ өңірдің күш құрылымдарының бірінші басшылары, ардагерлер, болашақ офицерлердің ата-аналары мен туыстары қатысты.

Әскер қолбасшылығының атынан болашақ офицерлерді ведомство басшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов салтанатты шарамен құттықтады.
— Сіздердің әрқайсыларыңыз өз мамандықтарыңызды саналы түрде таңдадыңыздар. Өз тағдырларыңызды офицерлік қызметпен байланыстырдыңыздар. Жоғары оқу орнының қабырғасында әскери қызмет пен оқуды жалғастыра отырып, Ұлттық ұлан академиясының курсанты атағын абыроймен алып жүретіндіктеріңізге сенемін,-деді Бауыржан Садықұлы.
Курсанттар дене шынықтыру нормативтерін орындап, қабылдау емтихандарын тапсырып, конкурстық іріктеуден және жалпы әскери дайындықтан өтіп, Отанды қорғауға дайын екендіктерін дәлелдеді. Алда оларды 4 жыл курсанттық өмір күтіп тұр, оның барысында курсанттар әскери істің барлық қыр-сырын игереді.
Әскери рәсім өткізілгеннен кейін қонақтардың назарына академия әскери қызметшілерінің көрме, қойылымдары көрсетілді. Әскери оркестр мен академия барабаншыларының ансамблі өздерінің жарқыраған өнерімен жиналғандарды қуантты.

