СҚО әкімі Аққайың ауданына барды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Аққайың ауданына барып, инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысымен танысты.
Ағымдағы жылы аудан көлемінде ауылішілік жолдарды жөндеуге ерекше назар аударылуда. Трудовое, Токуши, Киялы және Смирново ауылдарында жалпы ұзындығы 22 шақырымнан астам жол жөнделуде. Айта кету керек, Токуши ауылында соңғы 30 жылда алғаш рет асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы ауданда құны 2,9 млрд теңгені құрайтын 9 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында республикалық және облыстық маңызы бар жолдар да бар.

Электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыру мақсатында 3 700-ден астам тұрғынды қамтитын қосалқы станцияда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту жалғасуда. Жыл соңына дейін ауданда 20 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ сапар аясында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы тексерілді.

