Петропавлда жаңа мұз айдыны қолданысқа беріледі
Петропавлда құрылыс саласында ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. Биыл спорт сүйер қауым үшін сүйінші жаңалық болмақ. Облыс орталығында заманауи мұз айдыны тапсырылады деп күтілуде.
Теріскейде қысқы спорт түрлеріне көп көңіл бөлінеді. Десе де, Жас өркендегі Спорт сарайынан басқа заманауи мұз айдыны бар нысан жоқтың қасы. Сол себепті биыл облыс әкімінің тапсырмасымен Петропавлда жаңа спорттық ғимарат салу жоспарланып, оны жыл соңына дейін тапсыру бар.
— Бұқаралық және кәсіби спортты дамыту — басым бағыттардың бірі. Халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Алдағы уақытта 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, екі хоккей алаңы және керлингке арналған аймақтары бар көпфункционалды мұз аренасының құрылысы қарастырылған. Одан бөлек 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні мен спорт залдары орналасатын әмбебап спорт кешені бой көтермек, — деді СҚО әкімі.
![]()
![]()
Аталған нысандар спортпен айналысу және дайындық өткізу мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізуге жол ашады.


