СҚО-да қазақ-қытай ғылыми орталығы ашылады
Солтүстік Қазақстан облысында Қытай Халық Республикасының Хэнань провинциясымен ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық бизнес-форум өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Henan Agricultural Investment Capital Co., Ltd. компаниясының бас директоры Чэнь Хуайань, Henan Agricultural Investment Group өкілдері, Хэнань провинциясының 20-дан астам ірі аграрлық кәсіпорнының өкілдері және жергілікті бизнес-қоғамдастық басшылары қатысты.
Форумның негізгі тақырыбы Kozybayev University базасында қазақ-қытай аграрлық ғылыми орталығын құру жөнінде болды. Тың жобаның бірінші кезеңінде шамамен 9 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
Бұл жоба өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының Қытайға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болмақ. Сол кезде университет пен Henan Agricultural Investment Capital компаниясы агроөнеркәсіптік кешен саласында ұзақ мерзімді ғылыми жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойған болатын.
— Бүгінде біз келісімдерді нақты іске асыру кезеңіне көшіп отырмыз. Жаңа орталық ғалымдарымыз бен қытайлық әріптестерімізге бірлескен зерттеулер жүргізуге, тәжірибе алмасуға және ғылыми әзірлемелерді облыс шаруашылықтарына енгізуге мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

