СҚО-да 2 мыңға жуық үйдің тұрғыны өрт қауіпсіздігін сақтау талаптарын орындалмаған
Биылғы жылыту маусымы басталғалы облыста 28 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан бір адам жарақат алды. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тұрғын үй секторына, әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне ерекше назар аударуды тапсырды.
СҚО ТЖД мәліметінше, облыста 1 967 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының 2 698 бұзушылығы анықталған. Жылыту жүйелері мен электр сымдарына қатысты барлық кемшіліктерді жою қажет. Қажет болған жағдайда тұрғындарға атаулы көмек көрсетілуі тиіс.
Отырыста облыс әкімі мобильді топтардың жұмысын күшейтуді, тұрғын үй секторында профилактикалық аралау жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ жатақханаларға, хостелдерге және пешпен жылытылатын нысандарға тексеру жүргізуді тапсырды.
Әр бағыт бойынша нақты міндеттер мен оларды орындау мерзімдері белгіленді. Басты мақсат – төтенше жағдайлардың алдын алып, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

