Жыл басынан бері облыста 5 кг 611 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді
СҚО полицейлері «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» шеңберінде балалар мен жасөспірімдерде есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру шараларын өткізіп жатыр.
СҚО полицейлері Шал ақын ауданында «Кұлеке батыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында жас спортшылармен кездесті. Балаларға тыйым салынған заттарды қолданудың зияны туралы айтып, есірткі айналымына байланысты кез келген ақпаратты ата-аналарына немесе полицейлерге «102» телефоны арқылы хабарлау керектігін еске салды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев атап өткендей, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің жұмысында негізгі назар синтетикалық есірткіге қарсы күреске аударылады. Жыл басынан бері облыста 5 кг 611 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 5 есе көп.