Ашық есік күнінде қала тұрғынының мәселесі шешілді
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қала әкімінің қатысуымен өткен ашық есік күнінде петропавлдықтың мәселесі шешімін тапты. Беркінбай Ахметов Солнечный-2 шағынауданындағы жол төңірегіндегі түйіткілін арқалап келген. Серік Мұхамедиев тұрғынның сұрағын тыңдап, тұщымды жауап қайтарды.
Солнечный-2 шағынауданында тұратын қала тұрғыны жаңбыр, жауын-шашын күндері түгіл қолайлы ауа райы кезінде аталмыш мөлтекте жол мәселесі шешілмей отырғанын алға тартқан болатын.

— Бізге асфальт төсемей жатыр. Жүру мүмкін емес. Қазіргі уақытта тек қоғамдық көлік жүретін жолдар жөнделіп жатыр. Түсінемін, барлығына қаражат жетпейді. Десе де, қалдық инертті материалдарды біздің жолымызға салса екен деймін, — деді Беркінбай Ахметов.
Қала әкімінің айтуынша, бүгіндері аталмыш ауданда жолға асфальт төселіп жатыр. Алдағы уақытта олардың жолдары да ретке келтіретінін алға тартты.
— Сіздің ұсынысыңыз құптарлық. Қалдық инертті материалды міндетті түрде сіздің жолыңызға апарамыз. Нәтижесінде уақытша да жол ретке келтірілмек, — деп мәселені шешті қала әкімі.

