Петропавл қаласының әкімі азаматтарды қабылдады
«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев азаматтарды жеке қабылдады.
Кездесу барысында тұрғындар баспана, инженерлік желілердің жағдайы және аумақтарды абаттандыру мәселелерін көтерді. Көру қабілеті бойынша I топтағы мүгедек Клавдия Темирова 2016 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын, алайда кезек ілгерілемей отырғанын айтты. Әкім тиісті қызметтерге жағдайды зерттеп, мәселені жедел қарауды тапсырды.

Қала тұрғыны Ольга Демидова Алтынсарин көшесіндегі кәріздік сорғы станциясын жөндеу және Тәштітов көшесінен №20 үйдің ауласына дейінгі жол учаскесін абаттандыру қажеттігін айтты. Қаланың басшысы бұл ауданда жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтіп, көрсетілген учаскені ағымдағы жөндеу жоспарына енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Қабылдау барысында сонымен қатар Киров атындағы зауыттың дивидендтерін жекешелендіру және II топтағы мүгедектер үшін тұрғын үй кезегінің жылжуы мәселелері қаралды.

Қабылдау қорытындысы бойынша Серік Мұхамедиев тиісті бөлімдерге тұрғындардың өтініштерін қарастырып, әрқайсысы бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

