Ұлттық ұлан академиясында жылдың үздік оқытушысы анықталды
Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының үздік оқытушылары марапатталды. Ұстаздар күніне орай өткен салтанатты іс-шараға әскери және құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, Академия басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Мерекелік шара барысында Академияда өткен «Жылдың үздік оқытушысы» байқауының қорытындысы жарияланды. Биыл кәсіби шеберлігі мен педагогикалық жетістіктері сараланған байқауға 10 оқытушы қатысты.

Конкурс қорытындысы бойынша бірінші орынды әскери педагогика және психология кафедрасы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар циклінің бастығы полковник Смагулов Болат Советович иеленді.
Екінші орынға жедел өнер және моральдық-психологиялық қамтамасыз ету кафедрасы моральдық-психологиялық қамтамасыз ету циклінің бастығы полковник Таттимбетов Архат Жеңісұлы, ал үшінші орынға тыл кафедрасының материалдық қамтамасыз ету циклінің оқытушысы Ельжанов Дүйсембек Шахманович лайық деп танылды.
Байқау оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, педагогикалық бастамаларын қолдауға және озық тәжірибені насихаттауға бағытталған.
Салтанатты жиында Академия оқытушыларының болашақ офицерлерді даярлау мен тәрбиелеудегі еңбегіне ерекше мән берілді.
Ұстаз еңбегі – ел болашағына қосылған маңызды үлес.

