«Ең төменгі жалақы өседі»: СҚО тұрғындарының пікірі
Президент Жолдауда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеріледі. Осылайша ең төменгі айлық 25 мың теңгеге немесе 29,4% өседі. Бұл өзгеріс жалақысы төмен қызметкерлердің табысын арттырып, жұмыс берушілердің еңбекке жұмсайтын шығынын көбейтеді. Сонымен бірге әлеуметтік төлемдердің бірқатар шекті мөлшері өзгереді.
Қазір ең төменгі жалақы — 85 мың теңге. 2027 жылы ол 110 мың теңгеге жетсе, ең төмен айлық алатын қызметкердің есептелген айлығы жылына 300 мың теңгеге көбейеді. Алайда 25 мың теңге қызметкердің қолына толық берілмейді. Есептелген жалақыдан міндетті зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру жарнасы ұсталады. Қолданыстағы 10% міндетті зейнетақы жарнасы және 2% медициналық сақтандыру жарнасы сақталған жағдайда ең төменгі жалақы алатын қызметкердің таза табысы айына 22 мың теңгеге, жылына 264 мың теңгеге өседі. Бұл есеп 2027 жылы міндетті жарналардың мөлшерлемелері мен жеке табыс салығының тиісті тәртібі өзгермейді деген шартпен жасалды.
Қанша қазақстандықтың жалақысы өседі?
Президент ең төменгі жалақының көтерілуі 1,8 млн адамның, оның ішінде бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкердің табысына ықпал ететінін мәлімдеді.
Еңбек кодексінің 103-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыс уақытының нормасын толық атқарып, еңбек міндеттерін орындаған қызметкердің айлық жалақысы заңда белгіленген ең төменгі мөлшерден кем болмауға тиіс. Ал 104-бап бойынша ең төменгі жалақы мөлшеріне қосымша ақылар, үстемеақылар, өтемақылар мен сыйлықақылар кірмейді.
Демек, жаңа мөлшер күшіне енгеннен кейін толық жұмыс уақытымен істейтін және ең төменгі жалақы талабына сай келетін қызметкерлердің негізгі еңбекақысы 110 мың теңгеден төмен болмауы керек.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы жалақыны бөлу жөніндегі зерттеуінде 3 378 668 қызметкер қамтылған. Олардың 32 332-сінің айлығы 85 мың теңгеден, 43 640 қызметкердің жалақысы 100 мың теңгеден аспаған. Тағы 649 174 адам 100–200 мың теңге аралығында еңбекақы алған.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы жалақы мөлшері бойынша зерттеуіне 3 378 668 қызметкер кірген. Осылайша, зерттеуде 75 972 қызметкердің айлығы 100 мың теңгеден аспаған. Ал 100-110 мың теңге аралығында жалақы алатындар жеке көрсетілмеген.
Ең төменгі жалақының өсуі қарапайым тұрғындар үшін оңтайлы тұсы жоқ емес. Бұл пікірді солтүстікқазақстандықтар ұстанып отыр. Олар бұл заман талабына алдағы уақыттағы қажетті өзгеріс деп айтуда.
— Ең төменгі жалақы алып жүргендердің табысы 25 мыңға артады. Бұл әрине, еңбек өнімділігіне де ықпал етеді деп есептеймін. Десе де, қаражат көлемі ұлғайған сайын түрлі қажетті жарналар көлемі де арта түседі. Дегенмен, бірнеше жылға сақталып, жалақыдағы айырмашылықты халық сезінеді, — дейді қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев.

