Петропавлда басқа өңірдің тұрғынынан 106 түйіншек мефедрон тәркіленді
Петропавлда есірткі таратушылар заңсыз әрекеттерін көбіне бейнебақылау камералары аз орнатылған қаланың шет аймақтарында жүзеге асыруға тырысады. Алайда полицейлер мұндай жерлерде де құқық бұзушылықтарды анықтау үшін түрлі әдістерді қолданады.
Соның бірі – жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнату. Мәселен, ақпан айында Есіл өзенінің сол жағалауындағы Заречный кентінде 34 жастағы петропавлдықтан 25 грамм α-PvP заты, ал шілде айында 18 жастағы қыздан 5 грамм «спайс» тәркіленді. Қазан айында тәртіп сақшылары аталған кентте Ақмола облысының 46 жастағы тұрғынын ұстады.

Жеке тінту кезінде одан 143 грамнан астам мефедрон салынған 106 түйіншек тәркіленді. Бұған дейін ер адам мүліктік қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы бейнебақылау камераларының болмауы құқық бұзушылық жасауға мүмкіндік бермейтінін ескертеді.
Сонымен қатар полицейлер тұрғындарды есірткіге қатысты күмәнді әрекеттерге бейжай қарамай, мүмкіндігінше фото немесе бейнежазбаға түсіріп, полицияға хабарлауға шақырады. Мұндай фактілер туралы «102» мобильді қосымшасы, «Halyk» және «Kaspi» банк қосымшаларындағы «Заң және тәртіп» сервисі арқылы немесе «102» арнасына қоңырау шалу арқылы хабарлауға болады. Қоғам мен полицияның өзара белсенді іс-қимылы – есірткінің заңсыз таралуына қарсы күрестің маңызды тетіктерінің бірі.

