СҚО-да лайықты боксшы жоқ
Жамбыл облысы Тараз қаласында бокстан ел чемпионаты өтіп жатыр. Жылына бір рет өтетін жарысқа 20 өңірден мен-мен деген былғары қолғап шеберлері жиналды. Қазіргі уақытта біріншіліктің жартылай финалдарындағы кездесулер өтуде.
Ел біріншілігі бұл Ұлттық құраманы талантты боксшылардан жасақтаудан тұратын маңызды іріктеу жарыс деуге болады. Мұндай сайыста әр өңірдің спортшысы өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Биыл да әр облыстан келгендер өңірлерінің намысын жерге құлатпауға тырысып жатыр.
Биылғы додада теріскейдің намысын 7 спортшы қорғады. Өкініштісі, бірі де шешуші кезеңдерге жолдама ала алмады. Салдарынан Солтүстік Қазақстан облысы медаль үшін таласты тоқтатты.
Бұл әрине, біздің өңір боксшылары үшін өзгеріссіз келіп жатқан қалыпты құбылыс. Десе де, жыл сайын Наталья Богданова әйелдер арасында топ жарып, кем дегенде күміс медаль еншілейтін. Биыл алтын қызымыз жарысқа қатыса алмады. Оның дәйекті себебі де жоқ емес — Наталья Азия ойындарында қола медаль еншілеп, бұл жарыстан босатылған болатын.

