Петропавлдағы базар маңында автотұрақ пайда болды
Петропавлдағы көтерме сауда базары жанынан көліктерге арналған автотұрақ пайдалануға берілді. Жергілікті кәсіпкер аумақты тегістеп, қиыршық таспен төсеген.
Бірнеше жыл бұрын көтерме сауда орталығы Астана көшесінен Зауыт көшесіне көшкенін жақсы білеміз. Мұнда қалалықтардың көптеп келіп, сауда жасайтынына қарамастан тұрақты түрде көлік қоятын кең автотұрақ болған жоқ. Бұл олқылық жуырда шешімін тапты.
Бұрындары автокөлік жүргізушілері үнемі бос орын іздеуге мәжбүр болатын. Бұған қоса, жол жиегіне көлік иелері теміртұлпарларын қоя алмайтын. Шұңқырлар бірәз тұрғынды әбігерге салғаны рас.
Қалалық әкімдік хабарлағандай, жергілікті аумақ кәсіпкерге тиесілі. Сондықтан бұл жерді абаттандыру бизнес субъектіге жүктеледі. Кәсіпкер тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, автотұрақ мәселесін шешті.

