СҚО делегациясы Германия мен Нидерландияның озы технологияларымен танысты
Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Германия мен Нидерландыда мал шаруашылығының озық технологияларымен танысты. Жұмыс сапары аясында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бастаған өңір делегациясы Германия мен Нидерландыға барды. Сапардың негізгі мақсаты – халықаралық озық тәжірибемен, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы заманауи технологиялармен танысу, сондай-ақ жаңа іскерлік байланыстар орнату.
Германияда делегация Ганновер қаласында өткен EuroTier 2026 халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты. Бұл – мал шаруашылығы саласындағы әлемдегі жетекші көрме алаңдарының бірі. Өңір өкілдері KAHL, Reinartz, SYLCO, Dairymaster, Moore және Haybuster компанияларының технологиялық шешімдерімен танысты. Негізгі назар роботтандырылған сауу жүйелеріне, автоматтандырылған жем таратқыштарға, мал азығын дайындау және тарату жабдықтарына, сондай-ақ мал шаруашылығы кешендеріндегі өндірістік процестерді цифрландыруға аударылды.

Сүтті мал шаруашылығын дамыту және жемшөп базасын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. GEA компаниясының өкілдерімен өткен келіссөздер барысында сүт фермаларын жабдықтау мен автоматтандыру саласындағы заманауи шешімдер қарастырылды. Ал BARENBRUG компаниясымен кездесуде жоғары өнімді жоңышқа сорттарын қолдану, мал азығының сапасын арттыру және жемшөп өндірісін дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Нидерландыда делегация сүт фермаларын автоматтандыру технологияларымен, соның ішінде Lely компаниясының роботтандырылған сауу жүйелерімен танысты. Сонымен қатар өңір өкілдері Грунло қаласындағы ауыл шаруашылығы жануарларының терісін терең өңдеуге және тағамдық коллаген өндіруге маманданған Royal Ten Kate кәсіпорнына барды. Кәсіпорында тамақ өнеркәсібінде, соның ішінде ет өнімдерін өндіруде қолданылатын Collapro функционалды коллаген ақуызы шығарылады. Қолданылатын технология коллагеннің табиғи құрылымы мен функционалдық қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді.

Зерделенген халықаралық тәжірибе Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту үшін практикалық маңызға ие. Бүгінде өңірде СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға, жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жаңғыртуға және жаңа шаруашылықтар құруға бағытталған жылдық 6 пайызбен «Береке» және «Игілік» жеңілдетілген несие беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Озық технологияларды енгізу, мал басының генетикалық әлеуетін арттыру, жемшөп базасын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мал шаруашылығының тиімділігін арттырып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.

