СҚО әкімі Ұлттық валюта күнімен құттықтады
Қарашаның 15-сі — Ұлттық валюта күні. Қаржыгерлердің кәсіби мерекесімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

Жерлестерімізді әлеуметтік желіде СҚО әкімі құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Сіздерді Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта және Қаржыгерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық валютамыз – теңге еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық дербестігінің маңызды нышандарының бірі.
Бүгінде теңгенің тұрақтылығы мен қаржы жүйесінің орнықтылығы ел экономикасының дамуы, инвестициялық әлеуеттің артуы және халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін айрықша маңызға ие. Осы орайда қаржы саласының қызметкерлері мен ардагерлерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіз өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қаржылық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс пен толағай жетістіктер тілеймін! Ұлттық валютамыздың тұғыры берік, еліміздің экономикасы өркендеп, тәуелсіздігіміз нығая берсін! — деді СҚО әкімі.

