Жарияланған күні: 24.09.2025
Облыстың Құрметті азаматы өмірден өтті
97 жасқа қараған шағында еңбек ардагері, СҚО-ның Құрметті азамаьы Зейнолла Олжабайұлы Олжабаев өмірден өтті. Жерлесіміз бар саналы ғұмырын ел игілігін үшін еңбек етті, зейнеткерлікте қоғамдық жұмыстардан тартынбады.

Зейнолла Олжабаев зоотехник, кейін бас зоотехник, одан әрі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, өз ісінің білгірі ретінде танылды. Төрт мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты.
— Ел мүддесі жолында атқарған қызметі жерлестерінің зор құрметіне ие болды. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық және ағартушылық жұмыстарды жалғастырып, шежіре зерттеумен айналысты, өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасына үлес қосқан құнды еңбектер жазды. Отбасы мен туған-туыстарына, көз көрген замандастарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Орны толмас қайғыда сабыр тілеймін. Саналы ғұмыры, елге сіңірген еңбегі — облыс тарихында мәңгілік сақталады! — деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.

