СҚО-да мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзудың 1,6 мыңнан астам фактісі анықталды
СҚО мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті мемлекеттік қызметті көрсетуге қатысты тексерулердің қорытындысын шығарды. Мамандар халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың 2024-2025 жылдар аралығындағы қызметін қамтыды.

Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына антирекорд орнатты. Мұнда қызмет көрсету тәртібін бұзудың 1209 фактісі, сондай-ақ жұмыс кестесін сақтамаудың 5 фактісі тіркелген.
Аудандардағы жағдай да мәз емес. Мамлют ауданы жер қатынастары бөлімінде 203, Мамлютка қаласы әкімі аппаратын тексеру барысында 7 заңбұзушылық тіркелді.
Айыртау ауданы әкімі аппаратында 103 тәртіп бұзушылық анықталса, осы ауданның сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде 90 заңбұзушылық және қызмет көрсету мерзімін бұзудың 1 жағдайы тіркелді. Осы үшін бөлім басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мамандардың айтуынша, анықталған заңбұзушылықтардың басым бөлігі рәсімдерді дұрыс жүргізбеу және регламенттелген мерзімдерді сақтамауға қатысты. Мұндай заңбұзушылықтар халықтың мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіне деген сенімін төмендетеді.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың бір бөлігі әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ведомстволарға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар мен ішкі бақылауды күшейту бойынша ұсынымдар берілді.

