СҚО-да жер мемлекет меншігіне қайтарылды
«AMANAT» партиясының облыстық филиалында «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының отырысы өтті. Мамандардың айтуынша, қайтарылған жерлердің шамамен 140 мың гектары — егістік және 551 мың гектардан астамы жайылымдық жер.
СҚО Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Жалғас Сүлейменовтің айтуынша, 2025 жылдың басынан бері ведомство 270 мың гектарға жуық алқапты қамтыған 129 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 81 заң бұзу анықталып, 8,9 млн теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар, бюджетке 116 млн теңгеден астам қосымша салық түскен. Оның айтуынша, кейбір шаруашылықтар пайдаланылмай жатқан жерлерден өз еркімен бас тартқан, бұл шамамен 30 мың гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылуына мүмкіндік берді.
СҚО Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асхат Рамазанов қайтарылған жерлердің 387 мың гектардан астамы ауыл тұрғындары мен аграрийлердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қайта бөлінгенін атап өтті. Мамандар биыл 100 мың гектарды қайтаруы тиіс болатын. Бүгінгі күні соның 64% орындалды.

