Петропавлда археологтар биылғы жылды қорытындылады
Петропавл қаласындағы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Солтүстік Қазақстан филиалы «Солтүстік Қазақстан археологиясы: жетістіктер мен перспективалар» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Шарада археологиялық зерттеулердің өзекті мәселелері мен соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды.

2023–2024 жылдары Археология институты Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында 20-дан астам археологиялық экспедиция ұйымдастырған. Егер бұрын Солтүстік Қазақстан аумағында 450 ескерткіш белгілі болса, соңғы зерттеулер нәтижесінде олардың саны 700-ден асып отыр.
Зерттеу барысында 18 жерде қазба жұмыстары жүргізіліп, палеолит пен неолит дәуірлерін қамтитын материалдарға кешенді талдау жасалды. Осы зерттеулер негізінде 4 ғылыми басылым жарық көріп, жиын аясында олардың тұсаукесері өтті.

