Петропавл қаласының әкімі «Бірлік» шағынаудан тұрғындарымен кездесті
Петропавлдағы «Бірлік» шағынауданының тұрғыны Максим Черников жаңа баспанасының сыйқына шағымданды. Ер адам биыл қол жеткізген үйінің шытынаған қабырғасы кез келген уақытта құлап кетуі әбден мүмкін деп айтуда.
— Мамыр айынан бастап құрылысты жүргізген мердігерге хабарласып жатырмын. «Келеміз, істеп береміз» деп құры уәде етеді. Келесі жылы бұл үйдің кепілдік мерзімі бітеді. Ешкім келген жоқ, ешкім жағдайымызды білмеді, — дейді Максим Черников.
Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, барлық үйге екі жылдық кепілдік берілген. Осы уақыт ішінде мердігер компаниялар анықталған кез келген ақауды тегін жөндеуге міндетті.
— Қандай баспана болмасын күтімді қажет етеді. Десек те, құрылысшылардың жұмысына қатысты да сын бар. Бірқатар компания өздері тұрғызған үйлерді үнемі бақылауда ұстап отыр. Ал бұл үйге тұрғындар Қызылжар ауданынан су тасқынынан кейін қоныс аударды. Бұған дейін шағым болмады. Қазір қарап шықтық. Жөндеп, қалпына келтіруге болады, — дейді Серік Мұхамедиев.
Петропавл әкімі жөндеу жұмыстарының бүгін-ертең басталатынын айтты.
— Қазан айының басында осы шағын ауданда әкімдердің көшпелі қабылдауын өткіздік. Бірақ ол жолы екі адам ғана кездесуге келді. «Бірлік» шағын ауданының ортақ чаты бар, біз де онда отырмыз, — дейді Серік Мұхамедиев.

