Петропавлдағы Қазақстан халқы Ассамблеясында көші-қон мәселелері талқыланды
Заң, тәртіп және ортақ жауапкершілік. Солтүстік Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен өткен кездесуде полицейлер көші-қон заңнамасының негізгі талаптарын түсіндіруге және шетелдіктер тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алуға басымдық берді.
Әңгіме өзара түсіністікке негізделген конструктивті форматта өрбіді. Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ермек Нұсұрбаевтың айтуынша, өңірде бүгінде 11 мыңнан астам шетелдік азамат тұрады. Олардың арасында қылмыс жасайтындар да (28 факт), сондай-ақ қылмыстың құрбанына айналатындар да бар (50 факт). Шетелдіктерге қатысты құқық бұзушылықтардың ішінде алаяқтық пен ұрлық деректері жиі орын алады.

Кездесу барысында шетелдік азаматтарды әртүрлі құқықбұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу тәртібі, әкімшілік ықпал ету шаралары және көші-қон саласындағы өзге де талаптар егжей-тегжейлі түсіндірілді.
— Жалпы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 12 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының Конституциясының 34-бабында: «Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарына, бостандықтарына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрмет көрсетуге міндетті» деп көрсетілген. Сондықтан елімізде болу қағидаларын қатаң сақтау маңызды, – деді Ермек Нұсұрбаев.
Ол шетелдіктерді қырағылық танытып, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырып, өз құзыретіне қатысты сұрақтардың бәріне жауап беруге дайын екенін айтты. Ассамблея мүшелері шетел азаматтарының елде болу мерзімдері, құжаттарды ресімдеу тәртібі, тіркеу талаптары және өзге де көші-қон мәселелеріне қатысты сауалдарын жолдады.

