Петропавлда донор өзгеге өмір сыйлады
1961 жылы туған азамат қайтыс болғаннан кейін өз органдарын өзгенің өмірін сақтап қалу мақсатында көмектесті. Марқұмның ұлы осындай шешім қабылдады.

Наурыздың 11-і күні жедел жәрдеммен 65 жастағы азамат көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсетті. Алайда науқаста ми өлімі тіркелді. Осыдан кейін марқұмның ұлы әкесінің ағзаларын трансплантация мақсатында донорлыққа беруге рұқсат етті.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, санитарлық авиация арқылы Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығының трансплантолог мамандары Петропавлға дер кезінде жетті. Дәрігерлер мультиоргандық операция жасап, марқұмның екі бүйрегі мен бауырын алды.


