Петропавлда 16 млн теңгеге алаяқтық жасады деген күдікпен әйел ұсталды
Петропавлда бірнеше қала тұрғыны полицияға арызданды. Олар әлеуметтік желілердегі жарнамадан жиһаз құрастыру және жеткізумен айналысатын ЖШС туралы біліп, тапсырыс берген. Алайда ақысын төлегенімен, уәде етілген қызметтерді алмаған.
2025 жылдан бері кәсіпорынның орындалмаған міндеттемелерінің жалпы сомасы 15 миллион теңгеге жуықтаған. Қазіргі уақытта іс бойынша 24 эпизод тіркелген. Полицейлер зардап шеккен азаматтарды анықтау жұмысын жалғастырып жатыр.
Бүгінде ЖШС иесі, басқарушысы және бір қызметкері күдікті деп танылған. Полиция қызметкерлері кәсіпорынның басқарушысы, 35 жастағы қала тұрғыны, клиенттерден төлем қабылдағанымен, олар таңдаған тауарларға жеткізушілерден тапсырыс бермегенін анықтады.
— Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын және басқа да ықтимал жәбірленушілерді анықтауды жалғастырып жатыр. Әрбір өтінішке құқықтық баға беріледі, – деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.
Ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін оған келтірілген залал сомасының үш еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салу, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полицейлер сатушының немесе қызмет көрсетушінің адалдығына сенімді болмаған жағдайда алдын ала төлем жасамауға кеңес береді.

