СҚО-да жалған ветеринариялық құжаттарды жасау фактілері анықталды
Солтүстік Қазақстанда жалған ветеринариялық құжаттарды жасау фактілері тіркелді. Өңір прокурорлары талдау жүргізу кезінде бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды тілшіміз.
«Ветеринариялық қызметтер «Ветеринария туралы» Заңның талаптарын сақтамастан, ветеринариялық құжаттарды беру және жануарларды вакцинациялау тәртібін бұзған, ірі қара малға диагностикалық зерттеулер толық көлемде жүргізілмеген. Сондай-ақ ветеринариялық құжаттарды қолдан жасау фактілері (ет өнімдеріне ветеринарлық анықтамалар және вакцинация актілері) анықталды. Олар бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – делінген СҚО прокуратурасы тартқан хабарламада.
Аудан әкімдіктері ветеринариялық ережелердің талаптарын бұза отырып, мал қорымдарын тиісті күтіп-ұстауды қамтамасыз етпеген. Сонымен қатар арнайы пункттерде емес, жеке аулада мал сою тәжірибесі жалғасып келеді.
Қадағалау органының актісі бойынша 24 лауазымды тұлға, оның ішінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жол берілген бұзушылықтарды жою және осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді.
Уәкілетті органдар малды белгіленбеген жерлерде сойғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартты.