СҚО-да еңбек міндеттемелерін бұзғаны үшін 8,7 миллион теңге айыппұл салынды
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі және жағдайларын жақсарту мәселесін талқылады, деп хабарлайды тілшіміз.
Отырыс барысында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Азат Көшербаев атап өткендей, мемлекеттік еңбек инспекторлары 2023 жылдың 8 айында шарттарды бұзғаны үшін жұмыс берушілерге 85 ұйғарым беріп, 8,7 миллион теңгеден астам сомаға 53 айыппұл салған.
«143 тексеру жүргізілді, 204 бұзушылық анықталды, оның 83-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша. Осы жылдың 8 айында өндірісте 21 жазатайым оқиға орын алып, 24 адам зардап шекті, 8 адам қаза тапты», — деді Азат Көшербаев.
Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өндірістік жарақат алғандардың саны сол деңгейде. 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында 24 жазатайым оқиға тіркеліп, 30 жәбірленуші анықталды 6 адам қаза тапты.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы ай сайын өндірістік жарақат алу қаупі бар кәсіпорындарда мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Биыл 28 ұйым аттестациялаудан өтті, 117 ірі кәсіпорын еңбекті қорғау бойынша халықаралық стандарттарды енгізді. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында қауіпсіздік техникасын оқытатын 5 ұйым жұмыс істейді. 2022-2023 жылдары онда 2,5 мыңға жуық адам оқудан өтті.