СҚО-да орақ аяқталды: Өңірде 3,7 млн. тонна бидай жиналды
Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы аяқталды. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, жергілікті диқандар 3,7 млн. тонна астық жинады, деп хабарлайды тілшіміз.
Биыл науқанның нағыз қызған шағында жаңбыр жауып, күзгі дала жұмыстары тоқтап қалды. Ауа – райының қолайсыздығы өнімнің шығымдылығы мен сапасына да кері әсерін тигізді. Сондықтан Президенттің тапсырмасымен ылғалды бидайды кептіру үшін өңірге қосымша 20 мың тонна дизель отыны бөлінді. Аймақта жаңадан жиналған астықты 50- ге жуық элеватор қабылдады.
«Қазір мынау элеваторларға 980 мың тонна астық жеткізілді. Оның ішінде 55 пайызы 3 класс. Бүгінгі күні өңірде майлы дақылдар жиналып жатыр. Оның көлемі 685 мың гектар. Осы күнге 470 мың гектары жиналды», — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.