Петропавлда атом электр станциясын салу бойынша ашық талқылау өтті
Елімізде атом электр станциясын салуға қатысты кезекті ашық талқылау Петропавлда өтті. Шараға осы саланың сарапшылары, қоғам белсенділері, экологтармен халық қалаулылары қатысты. Олар жиын барысында стратегиялық нысанның маңыздылығына тоқталып, өз ойларымен бөлісті. Былтыр Петропавл жылу электр орталығында түтін мұржасы құлаған кезде өңір электр қуатының 20 процентін Ресейден импорттауға мәжбүр болған. Сондықтан мамандар болашақта энергия тапшылығын болдырмау үшін, оған қазірден қамдану керектігін алға тартты. Бастаманы көбі қолдады. Бірақ, технологиялық қауіпсіздікке баса назар аудару керектітігін жасырмады. Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында атом электр станциясын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу керектігін айтты. Сондықтан қазір аймақтарда осындай кездесулер өтіп, халықтың ой-пікірі ескеріліп жатыр.
«Жалпы атом дегенде ат тонымызды ала қашатынымыз рас. Өйткені атом дегенде біздің көз алдымызға сонау Хиросима, Чернобль, мына кейінгі Семейдегі болған жарылыстар, соңғы жылдары Жапониядағы Фукусима сияқты үрейлі оқиғалар көз алдымызға елестейді ғой. Бірақ енді уақыт бір орында тұрмайды. Ел дамып жатыр, әлем дамып жатыр. Сондықтан қуат көздеріне деген сұраныс артуда. Шикізат қоры да азайып келе жатқандығы жасырын емес. Сондықтан біздің ғалымдарымыз, осы саланың мамандары соңғы жылдары Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін көтеріп жүр. Мемлекет басшысы өзінің жолдауында бұл мәселені шешуде асығыстыққа жол бермеу керек деді. Осы сұрақ қазір жер-жерде талқыланып жатыр. Әлемдегі көптеген дамыған елдер Американың өзі, Франция, Жапония, Ресей, Қытай бұлардың барлығы осы атом электр станцияларының қызметін пайдаланып отыр. Және олар оны тоқтатыпта жатқан жоқ. Қатарын, санын көбейтуді де көздеп, сол бағытта жұмыс істеп жатыр. Сондықтан енді әрине біздің де, кеңбайтақ жерімізді алып жатқан еліміздің осындай мүмкіндікке ие болуы, ол қажеттілік деп санаймын», — деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов.