Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана 600-ден астам жаңа кітаппен толықты
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 600-ден астам жаңа кітаппен толықты. Қорға түскен әдебиет түрлі жанрды қамтыған. Оқырманның сұранысы да ескеріліп, қазақ-орыс тілінде ғана емес, шет тілінде де жарық көрген кітаптар түсті, деп хабарлайды тілшіміз.
Білім қуған жандар аталған кітапханаға келіп, іздегенін тауып, жан-дүниесін байытса болады. Онда тарихи, әдеби және заманауи бағыттағы кітап бар.
«Әдеби, тарихи және бизнес жүргізу, менеджмент, психология, өнер салаларына арналған кітаптармен танысуға болады.Яғни қызықты кітаптар өте көп», — дейді кітапханашы Зәмзәгүл Спартакқызы.
Кітаптар барлығы тапсырыспен алдырылған. Кейбірін оқырман қауым сыйға тартқан.
Жас оқырмандар арасында «комикстер» жанры сұранысқа ие. Ал тарих туралы іздеп жүріп оқитын тұрғындар енді «саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары» атты жинақпен таныса алады. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарын қамтыған басылым 32 томнан тұрады.
Жалпы кітапхана қоры әрдайым жаңа кітаптармен толығып отырады. Рухани орданың есігі оқырмандар үшін таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін ашық.