СҚО-да 55 елді мекеннің тұрғындары әлі жарықсыз отыр
Еліміздің солтүстігінде 55 ауылда әлі күнге дейін жарық жоқ, деп хабарлайды тілшіміз.
Қазіргі таңда мамандар Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Есіл, Тимирязев, Шал ақын, Қызылжар және Тайынша аудандарында электр желілерін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр. 46 бригада жасақталып, бұл шаруаларға 180-нен астам техника жұмылдырылды. Энергетиктердің айтуынша жағдай әсіресе Мағжан Жұмабаев ауданында күрделі. Естеріңізге сала кетейік, өткен демалыс күндері өңірде қар аралас жауын жауып, арты боранға ұласты. Қатты желдің салдарынан сымдар үзіліп, бағандар құлаған еді. Қазір кей ауылдарға электр энергиясы Ресей және Ақмола облысынан тасымалданып жатыр.
«Өңір тұрғындарын сумен қамтып отырған кәсіпорын қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Халыққа тіршілік нәрі беріліп жатыр. Қазір 55 ауылда әлі жарық жоқ. Энергетиктер ертең сағат 15-00-ге дейін бар шаруаны аяқтаймыз деп сендіріп отыр. Мәселе толық шешілмесе де, кейбір тұтынушылар уақытша желіге қосылады. Жөндеу жұмыстарының барлығы коммуналдық компания есебінен жасалып жатыр. Бюджет қаражаты бөлінген жоқ»,- деді облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин.