Петропавлға Халық кеңесінің төрағасы келді
Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол Петропавл қаласында өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» республикалық жастар лагерінің қатысушыларымен кездесті.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің болашағы жастардың кәсіби қалыптасуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу және заманауи өндірістерді дамыту жас аграршыларға, инженерлерге, ғалымдар мен кәсіпкерлерге сұранысты арттыруда. Бұл, әсіресе, Президент ерекше атап өткен өңірдің сүтті мал шаруашылығы саласын одан әрі өркендету үшін маңызды.
Жастарды қолдаудың бір бағыты — креативті IT-орталықтар желісін құру. Солтүстік Қазақстан облысы бұл жұмысты елімізде алғашқылардың бірі болып қолға алды. Бүгінде өңірде осындай 16 орталық жұмыс істейді, оның бесеуі ауылдарда орналасқан. Бұл алаңдар жастарға цифрлық дағдыларды меңгеріп, өз жобаларын туған жерінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ерлан Қошанов атқарылған жұмысты жоғары бағалап, өңір тәжірибесін елімізге тарату перспективаларын атап өтті.

Сапар барысында Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ерлан Қошанов «Мағжан орталығына», «Ботай» ескерткішіне және Қозыбаев университетіне барды. Университетте бірнеше жылдан бері Аризона университетімен әріптестік дамып келеді. Ал биыл Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалы ашылды. Бұл жобалар жастардың сапалы білім алуына және шығармашылық әлеуетін дамытуына жол ашады.

