Заңсыз сатылған жер: Балуан ауылының халқы Астанаға бара ма ?
Жерін даулаған халық. Солтүстік Қазақстан облысында 300-ге жуық адам бірнеше жылдан бері өздеріне тиесілі жерлерін қайтара алмай келеді. Балуан ауылының тұрғындары талай мекеменің табалдырығын тоздырса да, әлі күнге әділдікке жете алмай жүр. Нақты шешім болмаған соң, 4000 гектардан астам жер талан-таражға түскен. Ашынған халық енді Астанаға баруға бел буып отыр, деп хабарлайды тілшіміз.
Балуан ауылы тұрғындарының бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Халық 2011 жылдан бері өздеріне тиесілі жерді қайтару үшін дауласып жүр. Айтуларынша алаяқтық жолмен жерді иемденіп алғандар оны әбден талан-таражға салған. Яғни биыл пысықайлар жерді төртінші тарапқа беріп жіберген. Салдарынан күрмеуді тарқату мүмкін болмай тұр.
«Біз Маңғыстауда өткен сотты ұттық. Артынша іс ілгері басқандай болып еді. Бірақ 14 шілдеден кейін тоқтап қалды. Халықтың ойы жан-жаққа тарап, алдағы уақытта не боларын білмей жатырмыз. Өйткені істің басы, не аяғы жоқ тоқтап қалды. Мына халық әбден ашынды. Шынын айту керек, мәселе шешімін таппаса, бейбіт митингке рұқсат сұраймыз деп отырмыз. Тіпті Астанаға барайық па деп отырмыз. Басқа шара жоқ сияқты. Неше жыл күте беруге болады?», — дейді ауыл бесендісі Дихан Кәрішалов.
Жер заңсыз сатылып кеткен соң, «Балуан СК» серістестігі жабылады. Артынша оның сәйкестендіру нөмірі Маңғыстау облысына өткендігі белгілі болған. Сол себепті іс былтыр Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды. Онда пай иелері жиналысының хаттамасы жалған деп танылды. Артынша Петропавл қаласындағы сотта Шал ақын аудан ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен халықтың жерін заңсыз алған «Казипрохем Агро» серіктестігі арасында жасалған келісім- шарттың жарамсыз екендігі анықталды. Содан бері міне төрт ай өтті, тағы үнсіздік.
«Масқара болды өзі шынында да. Айтар сөзде қалмады. Жалғыз біздің Балуан емес, қазір Солтүстік Қазақстан облысында осындай мәселе да көбейіп жатыр. Енді Үкімет басшыларынан, аса мәртебелі Президенттен сұрайтыным осы біздің Балуан ауылының жерін алып беруге көмектессе екен» , — деді пайшы Кабден Ақышев.
Амалы таусылған жұрт облыстық соттың тқрағасы Ербол Жанғазиннің қабылдауында болды. Төраға барлығы заң аясында шешілетінін еске салды. Шағын ғана ауылдың жан айқайы Парламентке де жетті. Жуырда депутат Бақытжан Базарбек Бас Прокурормен Ішкі істер министріне сағызша созылған мәселеге нүкте қою керектгін жеткізді.
«Еліміздің барлық төңірегінде жер саласындағы жемқорлықпен алаяқтық істер өршіп кеткен. Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында 4000 гектардан астам жерінен заңсыз айрылған «Балуан СК» ЖШС-нің 286-ға жуық жер үлескері кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарта алмай әлек болып жүр. Сотпен жалпы жиналыстың шешімін заңсыз деп танылсада бұрыңғы әкімнің шығарған заңсыз қаулысын бұзуға асықпайды. Ал сол қаулыны дайындаған әкім және шенеуніктер қазіргі билік басында. Шыдамы таусылған халық Астанаға барғалы отыр. Айта берсек әрбір өңірдегі бизнесмен сымақ азаматтардың алаяқтың әрекеттері жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан тиісті дәрtжеде тергелмей жатыр. Осының зарын қарапайым халық көріп отыр. Жерінен алданып айырылған халық, жерсіз қалғанын тек бірнеше жыл өткеннен кейін білген», — деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.
Жақында Балуан ауылының халқы аталған іс бойынша аппеляциялық сот 19 қазанда өтетінін естіді. Бұл жерде бүтіндей бір ауылдың мәселесіне нүкте қойылады.