Солтүстік Қазақстанда 50-ге жуық жасөспірім қыз жүктілікпен есепке алынған
Солтүстік Қазақстан облысында биыл кәмелет жасына толмаған 50 қыз жүктілік бойынша есепке алынса, тағы 32-сі ана атанды, деп хабарлайды тілшіміз
Өңірде ана атанған қыздардың ең жасы 14-те ғана. Жақында ол нәрестесін бауырына басты.
Мамандардың айтуынша, кәмелет жасқа толмаған қыздар үшін жүктілік те, ана атану да өте ауыр жүк, олар мұндай физиологиялық өзгеріске психологиялық жағынан дайын емес.
«Жас қыздар арасындағы жүктілік тек біздің облыс үшін ғана емес, ел көлемінде өте өзекті мәселе. Былтыр да өңірде 14 жастағы қыз ана атанды. Аудандардың бірінен келген. Қыздарының жүктілігі жайында ата-анасы да, мектеп мұғалімдері де хабарсыз болған», — дейді СҚО бойынша отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші Марина Тимофеева.
Былтыр СҚО-да кәмелет жасына толмаған 95 қыз жүктілік бойынша есепке тұрған. Биыл 49 қыз дәрігер бақылауына алынды. Олардың арасында жасанды түсік жасату да азаймай тұр.
Маманның айтуынша, өткен жылы кәмелет жасына толмаған 56 қыз ана атанса, 17 қыз жасанды түсік жасатқан. Биыл 10 қыз баласын алдырып тастады. Мұның салдары ауыр болмақ, себебі жасанды түсік жасатқан қыздардың 25% енді ешқашан ана бола алмайды. Әсіресе, кәмелет жасқа толмаған қыздар үшін бұл өте қауіпті операция.