СҚО Прокуратурасы: Жайылымдық жерлерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр
СҚО прокурорлары жер қатынастары саласында талдау жүргізу кезінде елді мекендерге жақын орналасқан жайылымдық жерлерді заңсыз беру бойынша звңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды тілшіміз.
Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, жалпы ауданы 54 мың гектар ауылдарға жақын жерде 348 жайылымдық жерді заңсыз бергендігі белгілі болды.
«Қадағалау органының шаралары бойынша облыс әкімдігі мен облыстың Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап қою арқылы ауданы 38 мың гектар, яғни 247 жер учаскесін қайтаруды қамтамасыз етті, қалған учаскелер бойынша қазір жұмыс жалғасып жатыр», — делінген облыстық прокуратура таратқан хабарламада.
Қадағалау органының ұсынымдары бойынша жайылым тапшылығын жою мақсатында әкімдіктер елді мекендердің жер көлемін 114 мың гектарға ұлғайтты, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерімен жайылымдарға қажеттілікті жоюға бағытталған меморандумдар жасалды.
Нәтижесінде өңірде ауыл халқы үшін жайылымдық жерлердегі тапшылық 538 мыңнан гектардан 386 мың гектарға дейін азайды.
Жер заңнамасын сақтау мәселесі облыс прокуратурасының бақылауында.