СҚО-да есірткі таратумен айналысқан колледж студенттері ұсталды
Өңір полицейлері есірткі есірткі таратумен айналысқан екі азаматты ұстады. Олар қаладағы колледжердің бірінің студенттері болып шықты, деп хабарлайды тілшіміз.
18 және 21 жастағы екі азамат жақсы отбасыда өскен, спортпен шұғылданып, колледжде білім алған. Жасы кішісінің спорттық жетістіктері бар. Шілде айында жастарды СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі таратып жүрген жерінде қолға түсірді. Олардың біреуінен кесектелген зат бар 21 түйіншек тәркіленді. Екінші жігіт көрсеткен есірткі жасырылған орыннан тағы 2 түйіншек табылды. Барлығы 19,81 грамм болатын «мефедрон» тәркіленіп алынды. Бұл ең қауіпті синтетикалық есірткілердің бірі болып табылады. Ұсталғандардың айтуынша, олар осындай жолмен ақша таппақ болған.
«Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі есірткі сататын интернет-дүкенде бір айға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеп үлгерген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», -дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров.
Жастардың қылмыстық «бизнеске» түсіп қалуының алдын алу үшін полицейлер профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізіп тұрады. Петропавлдағы мектептердің бірінде жуырда өткен кездесуде СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов жеңіл ақша таппақ болған жастардың интернет-дүкендерде тек 2-3 ай ғана істеп үлгеретінін айтты. Өйткені оларды полиция қызметкерлері қолға түсіреді. Десе де есірткі сатушылар оңай жолмен ақша табуға дайын жаңа адамдарды әлеуметтік желілер арқылы тауып алады. Осылайша қысқа уақытта ішінде қомақты ақша таппақ болғандар отбасыларының тыныштығын күл-талқан етіп, тағдарларын бұзады.
СҚО полицейлері 9 айдың ішінде есірткі заттарын өткізудің 84 фактісін тіркеді.