СҚО-да тағы да бруцеллез ошағы анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 200-ге жуық ірі қарадан бруцеллез анықталды. Қауіпті дерт әсіресе Ақжар, Айыртау, Аққайың, Уәлиханов және Қызылжар аудандарынан табылған, деп хабарлайды тілшіміз.
Соңғы дерек Қызылжар ауданына қарасты Плоское елді мекенінде тіркелді. Мұнда зертханалық тексеруден кейін жеке кәсіпкердің және тұрғындардың малы кеселге шалдыққаны расталды. Ветеринар мамандардың айтуынша уайымдауға еш негіз жоқ. Олардың барлығы санитарлық союға жіберіліп, бүгінде мұнда шектеу шаралары енгізілді. Яғни елді мекенде мал союға, ет және сүт өнімдерін сыртқа сатуға уақытша тыйым салынды. Айта кету қажет өңірде мамыр айында қауіпті індетті бір адам жұқтырып алған. Бүгінде оның жағдайы жақсы. Науқас жыл бойы дәрігердің бақылауында болады.
«Биыл облыста 195 малдан бруцеллез анықталды. Былтыр бұл көрсеткіш 700-ден асатын Жаңа лаборатриялық зерттеулерге байланысты және ветеринар мамандардың кәсібилігінің арқасында бруцеллез ауруын дер кезінде анықтай бастадық. 195 малдың 144-і сойылды. Яғни тұрғындарға 17,4 миллион теңге өтемақы төленді. Қалғаны тиісті құжаттарды жинағаннан кейінтөлем жасалатын болады», — деді облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.